Ұлттық, патриоттық тәрбие – Отаншылдық кепілі!

Амирова Қымбат Асановна

магистр исторических наук, преподаватель истории

Алматинский колледж пассажирского транспорта и технологий

Патриоттық сананы қоғамдық өмірде бекітетін бірден-бір әрекет етуші жоғарғы, орта оқу орындары мен басқа да білім мен тәрбие беру мекемелері. Олардың көмегімен патриоттық сана қоғамдық өмірде қолдауға және бағдарлауға ие. Оқушы жастар қоғамның әлеуметтік құрылымында ерекше орын алады. Ендеше, қазіргі оқушы жастар өздерінің тұлғалық-кәсіби нығаюына бет алуының жоғары деңгейімен, шығармашылық потенциалымен, еліміздегі әлеуметтік жаңғыру процесіне шынайы іс жүзінде қатысуға деген белсенді қызығушылығымен, қоғамдық өмірдің түрліше жақтарына, өзінің әлеуметтік бағдарларына деген даралық көзқарастарымен ерекшеленуі тиіс.

    Олар еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының анықтаушы күші де болып табылады. Олай болса, оқушы жастардың тұрмысы мен болмысына, тәлімі мен тағылымына үстірт қарауға болмайды.

    Бұл туралы Елбасы Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуына қатысты жақында жазылған Бағдарламалық тапсырмалық мақаласында ерекше ескерте келіп: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын атап көрсетіп келдім және атап  көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» – деген болатын. Осы ұстанымды басшылыққа алатын болсақ, бізге, яғни оқытушыларға және ата-аналар тек оқу және оқыту процестерін төңіректемей, жастар болмысына әсер ететін құбылыстарды тұтастыра қарағанымыз жөн.

  Оқушы жастарды азаматтық, патриотизм, еліміздің қарқынды сатылап дамуы идеяларының рухында тәрбиелеуге бет бұрған мектеп ішінде үлкен оқу-тәрбиелік потенциалы бар.

     Біздің колледжде тәрбие жұмыстарының негізгі мақсаты: рухани дүниесі бай, денсаулығы мықты, жоғары азаматтылығы гуманизммен ұштасқан, әлеуметтік тұрғыда белсенді, бастамашыл, толерантты, шығармашылықты, инновациялық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге қабілетті ХХІ ғасырға лайықты, елін сүйген патриот тұлға қалыптастыру мен дамытуға жағдайлар жасау. Тәрбие қызметіміздің басты міндеті: білім алушылардың корпоративтік рухын көтеруге бағытталған, жеке тұлғаның рухани және шағармашылықты үздіксіз дамуына, өзін-өзі дамытуына, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, сыни көзқарас пен ойлаудың стандартты емес үлгілерінің болуына, мәдени-толеранттық, белсенді жасампаздық бастау, тағы да басқа адами ұстанымдарды қалыптастыратын тәрбие беру жүйесі мен тәрбиелік ортаны құру мен қолдау. Аталған міндеттер мен мақсаттар болашақ білім алушы жастар бойында корпоративтік рухты қалыптастыруға:  мемлекеттің Рәміздері – Қазақстан Республикасының Елтаңбасын, Туын, Әнұранын мақтаныш етіп, оларға құрметпен және қастерлеп қарауға; қоғамдық-саяси сауаттылық негіздерін қалыптастыруға; оқушылардың заңдылықтарды, қоғамдық  және  ұжым өмірінің нормаларын  құрметтеу рухында тәрбиелеуге; ұлтымыздың өткені мен мәдени мұрасына құрмет көрсетуге; Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің мәдениетіне толерантты түрде қарауға; әр түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге және үн қосуға даяр болу сияқты иммунитет қалыптастырады деген ойдамыз.

 Осылардың ішінде біз патриоттық тәрбие мен қоғамдық-саяси сауаттылықты қалыптастыруға басымдылық береміз. Өйткені патриотизм жастар мен қоғамдық сана негізінде ұғынылуы керек. Білім алушылар бойында қоғамдық-саяси сауаттылықтың негіздерін қалыптастыру, олардың заңдылықты, қоғамдық өмір нормаларын қастерлеуге, біздің халқымыздың тарихи өткені мен мәдени мұрасына құрмет көрсету рухында тәрбиелеу егемен, тәуелсіз ел үшін – қажеттілік. Біз патриоттық тәрбие беру шеңберінде азаматтық-патриоттық тәрбие, қоғамдық-саяси және құқықтық тәрбие, рухани-адамгершілік тәрбие беру секілді бағыттарды дамытуды көздейміз. Аталмыш бағыттар бойынша жұмыстар білім алушылар бойында нық азаматтық ұстаным мен патриоттық сананы қалыптастыруға септігін тигізеді. Патриотизмге тәрбиелеудің ұзақ мерзімді мақсаты – азаматтарды біріктіру, азаматтарға Тәуелсіздіктің құндылықтары мен жетістіктерін ұғындыру, оларды мемлекеттік рәміздер мен идеология төңірегіне топтастыру. Бұл ұзақ мерзімді мақсат. Оған қол жеткізудің басты жолы – толеранттылық, бірлік, өзара көмек, қайырымдылық т.б.

  Жастар үшін әр түрлі деңгейлер мен мазмұндағы тәрбиелік шаралар, мемлекеттік мерекелерді атап өту, түрлі патриоттық акциялар ұйымдастырылып өткізілуде.

    Кешендік, салмақтылық, орнықтылық, ерлік, толеранттылық, қарапайымдылық, еңбекке қабілеттілік, шын берілгенділік пен жауакершілік – патриоттық тәрбие саясат ағымындағы қазіргі заманғы шаралардың басты сипаттары. Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.

   Елбасының «Қазақтан-2050» Стратегиясында қойып отырған мақсат-міндеттер еліміздегі тәрбие беру жүйесін ұлттық құндылықтар негізінде жасау қажеттілігін тағы да дәлелдеп отыр. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр.

  Тәрбие – ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін бойына сіңіру, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру. Осы ретте халық тәрбиесінде қыз бала тәрбиесінің де өнегелі үлгілері мол. Отбасында онымен, негізінде, әйел-аналар айналысып, мінез-құлқының сымбатына сай болуына басты назар аударған. Қыз баланың бойына инабаттылық, сыпайыгершілік, ізеттілік қасиеттерін дарыта отырып, оның жан дүниесінің жете қалыптасуына мән берген. Халқымыз қыз психологиясының ерекшелігін жақсы түсіне білген. Әрбір отбасы, әке-шеше, аға-жеңге бойжеткен баласын ылғи да жібектей мінезі мен уыздай тәтті қылығымен, әдепті-ізеттілігімен, иманды-анабаттылығымен, күміс күлкісімен көргісі келген. Осындай ұлттық тәлім-тәрбие алған қыз бала болашақта ардақты ана, сүйкімді жар болары сөзсіз. Осыған орай, колледжімізде өтетін  іс-шаралар барысында білім алушы-жастарға күнделікті тұрмысқа байланысты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу және киім кию әдебі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні сияқты ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда.

  Ұлттық қалпымызды сақтап қалуда қазіргі жастарды әртүрлі діни теріс ағымдардан қорғаштаудың маңызы зор.

    Сонымен, ұлттық тәрбие  –  сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Оның мақсаты –  ұлтық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ал міндеті  –  мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалдық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсеке қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Тәрбиенің басты нысаны – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек.

  Қорытындылай келе айтарымыз  –  халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі-насихаты – асыл мұраларымызды білімгерлердің бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді сақтай білейік!