Көшбасшылық – бір мақсатқа жетелейтін қасиет

Жүнісова Ардақ Советқызы 

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

«№20 орта мектеп» ММ

Астана қаласы

 

Summary: This topic has become one of the main courses on the leveled. Where is explained about leadership qualities, according to which the leader is seen as the process of organizing interpersonal relations in the group and the leader – as the subject of managing this process.

Біздің ғасырымыз жаңа технологиялардың дәуірі болуымен қатар, өзін-өзі тану мен бойындағы қасиеттерді дамыту ғасыры болып табылады. Заманымыз секунд сайын өзгеріп отырғандықтан,  жемісті әрі бақытты өмір сүру үшін адам баласы өмір бойы түрлі дағдыларды үйренумен болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:  «Күшті ұлт болу үшін алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет. Ал сондай ұлтты алға жетелейтін білімді, патриот, еңбекшіл, өз салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, дінін, ділін құрметтейтін азамат  нағыз көшбасшы болуға лайық» деген болатын.

Сондықтан да Елбасымыз айтқандай әр көшбасшының бойынан патриоттық сезім, өз тілін құрметтейтін, еңбекшіл,  өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылатын адам нағыз көшбасшы бола алады.

Көшбасшылық  жеке  дамуға  ғана  бағытталмаған.  Оның  негізгі  міндеті әріптестеріне  жаңа  идеяларларды  сынақтан  өткізуге  және  өздеріне  басшы  рөлдерін  алуға ынталандыруға  көмектесуге  негізделеді.  Ынтымақтастық  мұғалім  көшбасшылығының «жүрегі»  болып  табылады,  өйткені  көшбасшылық  ұжым  болып  енгізілетін  өзгерістерге негізделеді.[1]  

         Жаңа дағдыларды, әдістерді үйрену мақсатында 2014 жылдың наурыз айынан бастап Кембридж бағдарламасы бойынша үш айлық бірінші (ілгері) деңгейді оқып, маусым айында сертификатқа ие болдым. Жаңа оқу жылы басталған уақытта мені бір үлкен мәселе ойландыра бастады. Неден бастасам екен? Қалай ұжымды өзіме тартсам болады? Ол үшін мен не істеуім керек? Мектеп бойынша бірінші (ілгері) деңгейді оқыған жалғыз өзім болғандықтан ойымды бөлісетін мектеп әкімшілігі болды. Курсты оқып жүргенде мектеп директоры Алтынай Махмедінқызы көп қолдау көрсетті. Бітіріп келген соң да ойландырып жүрген мәселелерімнің шешімін бірлесіп шеше білдік.                      Курсты аяқтап келгеннен кейін өз мектебімде «Ынтымақ» қоғамдастығын құрдым. Ол қоғамдастыққа өзім басшылық етемін. Қоғамдастықтың құрамында деңгейлік курсты аяқтаған 10 мұғалім кірді. Бәрі де жоғары білімді жаңалыққа құмар, ізденімпаз ұстаздар. Жылдың басында бірлесе отырып құрған жоспар бойынша іс-шаралар өткізіп отырамыз. Тоқсан сайын жиналып өткізілген жұмыстарға талдау жасап, отырыс өткіземіз. Отырыста өзара кері байланыс жасаймыз. Жоспар бойынша қандай жұмыстардың сәтті орындалғанын не сәтсіз шыққанын талдаймыз. Неліктен сәтсіз болғанын талқылай келе басқаша жоспарлап орындауға кеңес беремін.  

         Біздің ұжымда 48 ұстаз еңбек етеді. Көпшілігі өз мамандығының шебері жаңалыққа ұмтылған ұстаздар. Олай дейтінім, ұйымдастырылған шебер-сыныпқа, коучингке бар ынта жігерлерімен қатысып, өздеріне көп мағлұмат алғандарын рефлексия кезінде жазып, айтып, қажет болған жағдайда қосымша ақпарат беруді сұрайды. Бұл дегеніміз мұғалімдердің қызығушылығын, сабақтарына қолдануға қажеттілік тудырып тұр дегенді білдіреді. Алайда кейбір жоспарланған сабақтар мен коучингтер ұйымдастыруда біз мұғалімдердің бос уақытының аздығы, кабинеттердің жетіспеушілігі қиыншылық туғызады. Себебі біздің мектепте оқу процесі екі ауысымда  жүреді. Соған қарамастан кей мұғалімдер шын мәнінде қызығушылық танытып, уақыт тауып қатысып жатса, кей мұғалімдерден немқұрайлы қарайтын сәттер байқалады.  

Мектептегі мұғалімдердің арасындағы ынтымақтастық – бұл мектепті жетілдіру мен өзгертуде оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесе, ынтымақтаса істелген істің әрқашанда нәтижесі болатыны айтпаса да түсінікті.

«Ынтымақ» қоғамдастығының ұйымдастыруымен сәуірдің 17-сі күні қалалық семинар өткіздік. Семинарға деңгейлік курсты оқымаған мұғалімдер шақырылды. Себебі семинардың мақсаты: оқыту мен оқуда жаңа стратегияларды пайдалана отырып, кәсіби табысқа қол жеткізу. Семинарға келген ұстаздар кері байланыс кезінде бірнеше жаңа әдіс-тәсілдерді үйренгендерін, болашақта сабақтарына қолданатындықтарын айтып өтті. Осы жұмыстардың бәріне көшбасшылық ету мен үшін  оңай болған жоқ. Әр ұстаздың ойынан шығып, дұрыс шешім қабылдау менің міндетім.

Фрост: «Кәсіби біліктілік пен білім жай қабылданбайды, мұғалімдер оны өз қолымен жасайды. Адамгершілік мақсатты көздейтін мұғалімдер өздерінің әріптестері мен айналасындағыларға әсер ету үшін, көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді. Олардың көңілінде үнемі талапқа сай оқыту тұрады» деген.

Көшбасшы өзінің жаңа идеясымен, алға қойған мақсат мүддесімен ерекшеленеді. Көшбасшылық адам бойында кездесетін ерекше қасиеттердің бірі. Бұл қасиет адам бойында біркелкі қалыптаспайды, себебі  әр тұлғаның өзіне тән даму ерекшеліктері бар.

Жалпы, «Көшбасшылық – бір мақсатқа жетелейтін қасиет» олай дейтінім әр көшбасшының бойында көп қасиет бар десек те, ішінен ең негізгісін атап көрсетуге болады. Олар:

1. Салмақтылық. Өзін ұстай алмайтын, тез ашуланатын көшбасшы басқаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Сондықтан ол әрдайым сабырлы, салмақты болуы тиіс.

2. Өзін көрсете білу. Алдына қойған мақсатына жетуге деген құштарлық. Ол алдына үлкен мақсаттар қойып, оған жете білу керек.

3. Дұрыс шешім қабылдау. Ол ситуацияға жылдам баға беріп, қиын мәселенің шешімін дұрыс табады, дұрыс шешім қабылдайды. Өзін де, басқаны да табысқа жеткізетін мүмкіндіктерді қалт жібермейді.

4. Ынта. Көшбасшы барлық іске ынталы келеді. Ол өзінің мінезімен өзгелерге үлгі бола алады.

5. Табандылық. Көшбасшы үнемі қозғалыста болып, сұрақтың мәнін түсінеді. Сұрағына жауап алмайынша тынбайды. Ойға алған жоспарларын міндетті түрде жүзеге асырады, әр ісінде табандылық көрсетеді.

6. Өзіне деген сенімділік. Көшбасшы жүрегі мен ақылын қатар тыңдап, аяғында нық тұрады, өзіне деген сенімділік күшті болады.

7. Психологиялық дайындық.  Әрбір адамның пікірімен санасады. Өзгелерді тыңдау арқылы жаңа ақпараттар жинайды. Мәселелерді ортаға салып талқылайды.

8. Білімге деген құштарлық. Өз бетінше ізденіп, жаңа технологияларды толығымен меңгереді. Сыныпты басқаруда өзінің білімділігін де пайдаланады.

9. Әділеттілік. Әділетті болған жағдайда ғана өзгелердің сеніміне ие бола алады.

10. Байсалды. Қандай жағдай болмасын байсалды. Ашу мен күлкінің тек уақытша эмоциялар екенін жақсы біледі.

11. Мінсіздікке ұмтылу. Барлық жерде үздік болуға тырысады. Бір орында тұрмай, өз бетінше дамумен болады.

12. Өзгеше ойлау. Ойын да, жоспарларын да ситуацияға сәйкес өзгертіп, жаңашылдықты тез қабылдайды. Барлығының да ерекше болғанын қалайды.[2]

Көшбасшылық  жекелеген  мұғалімдер  үшін  және  тұтастай  алғанда  мектеп  үшін  пайдалы. Бірақ мектептерде мұғалімнің нағыз көшбасшылығын орнату үшін көптеген кедергілер кездеседі. Ең алғашқыда ұстаздарды коучингке жинау қиындық туғызды. Себебі мұғалімдер өздерінің уақыттарының аздығын алға тартса, кейбірі қайтеміз онсызда жазатын толып жатқан қағаздарымыз бар, шамалы болса да дем алайықшы дегендері болды. Бірақ лездемеде коучинг, шебер-сыныптың өздеріне әкелетін пайдасы мен тиімділігін түсіндіргендіктен, коучингке қатысқан ұстаздардың кері байланысынан кейін, ұстаздардың барлығы дерлік  коучинг пен шебер-сыныпқа қатысыатын болды. Қатысып қана қоймай сабақтарында үйренген әдіс-тәсілдерді де тиімді пайдаланып жүр. Енді керсінше, коучингтің қашан болатынын, қандай тақырыпта болатын сұрайтын болды. Бұл дегеніміз ұстаздардың жаңа тәсілдерді үйренуге деген ынталары артқанын білдіреді. 

Көшбасшылық  адамның  басты,  бірақ  аса  күрделі  әлеуеттерінің  бірі  болып  табылады.  Өзгеріс  енгізу  үдерісін  басқару  оңай  емес  әрине,  өйткені  оның  барысында жұмыста әртүрлі қиындықтар мен келіспеушіліктер туындап жатады. Мұғалім ретінде, біз  өзімізге  әрекет  етуге,  басқаруға,  шешім  қабылдауға  жеткілікті  билік  пен  өкілеттіктер берілмегендігін түсінеміз, алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, басшы қызметін атқармастан-ақ, біз білікті мұғалім ретінде өзіміздің кәсіби беделімізге және жеке тұлға ретінде моральдық беделімізге сүйене отырып, оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізуге ықпал ете аламыз. Сонымен қатар біз өзіміздің тәжірибелік дағдыларымызды дамытып, мектебімізде көшбасшылықты қолдап ары қарай дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарамыз. Алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін көшбасшылар тыңбай еңбек етеміз.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

 

Әдебиеттер:

1.     Мұғалімдерге арналған нұсқаулық І деңгей (Ілгері) екінші басылым, «Назарбаев зияткерік мектептері» ДББҰ, 2014 ж.

 

2.     Интернет желісі