Қазақстан Республикасындағы отандық кәсіпкерлікті қолдау шаралары

Маникова Гульмира Орынбаевна

Арнайы экономикалық пәндер оқытушысы

Ш.Уәлиханов атындағы КМУ жанындағы көпсалалы колледж

 

 

 

Еліміздің алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізу мен белгіленген міндеттерді шешуде кәсіпкерлікті ұйымдастыру мен дамытудың маңыздылығы жоғары. Сондықтан да мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жергілікті және орталық атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктелді. Осыған байланысты кәсіпкерлікті ұйымдастыру, рұқсат ету жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша нақты іс-шаралар қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі кезге дейін кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданған [1].

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры елімізде кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай өзіндік үлесін қосып келеді. Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды күшейту және оның дамуын жандандыру мақсатында, 1997 жылы наурыз айында «Даму» АҚ шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры құруға негіз болған Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Президент Жарлығын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулы шығарды. Қордың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы мен экономикалық өсуін ынталандыру, мемлекеттің шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қаржы құралдарын пайдаланудың тиімділігін арттыру.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ миссиясы – Қазақстанның шағын және орта бизнесті сапалы дамытуға ықпал ету.

«Даму» Қорының негізгі стратегиялық мақсаттары:

1) даму әлеуетіне ие барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету жолымен белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің санын және жұмыс орындарының санын арттыруға ықпал ету;

2) экономиканың шикізаттық емес секторларында кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету; 

3) шағын және орта бизнес субъектілерінің кәсібилігін арттыру және халықты кәсіпкерлікке тарту.

Кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Даму» Қорының негізгі құралдары – екінші деңгейлі банктер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру, пайыздық ставкаларды субсидиялау, банктер алдында кепілдіктер беру, лизингтік мәмілелерді және микрокредиттік ұйымдарды жеңілдікпен қаржыландыру, сондай-ақ қаржылық емес қолдау беру (білім беру, консалтинг, ақпараттық-сараптамалық қолдау).

Сонымен, «Даму» қоры елдің кәсіпкерлігін дамытудың негізгі мемлекеттік институты болып табылады және Қазақстанның барлық 14 облысында және Астана және Алматы қалаларында өңірлік филиалдары бар [2].

Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелері еліміздің экономикалық саясатының құрамдас бөлігі ретінде еліміздің барлық даму стратегияларында, мемлекеттік бағдарламаларында және Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да қарастырылып, мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету керек, – деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай Елбасымыз «бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет,» – деген болатын [3].

ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы  2013 жылдың 9 қыркүйегінде ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП-ның бірлескен шешімімен құрылған. 2015 жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасының  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) болып ресми түрде қайта тіркелді (2015 жылғы 27 қаңтардағы ҚР ҰКП-ның кезектен тыс ІІ Съезінің шешіміне сәйкес).

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) –  коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қолдайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес мүдделерін және құқығын қоғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету [4].

Отандық өнімдерді қолдау мақсатында жүргізіліп отырған бағдарламалар аясындағы отандық кәсіпорындарды атап өтуге болады.  

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Елтай ауылында тері өңдеу зауыты өндірістік қуатын арттырып келеді. Онда күніне 30 тонна ірі-қара терісі өңделеді. Өндіріс орнында 130 адам жұмыс істейді. Мақсаттары да айқын.  Амангелді Арыстанбеков Көкшетауда туып-өскен. Сонда жоғары оқу орнын аяқтап, Қызылжарда тәжірибе жинады.  Одан кейін еңбек жолын осы тері өңдеу зауытынан бастайды. Заманауи технологияны меңгеру үшін Белоруссия, Түркия елдерінде біліктілігін арттырып қайтқан. Қазір ол жартылай өңделген былғары шығару жұмысын қадағалайды. Амангелді Арыстанбеков, тері өңдеу зауытының бас технологы.  Бұл зауыт оның кәсіби маман болып қалыптасуына көп ықпал етті. Өз жұмысын жақсы көреді. Қалада өссе де қазір ауылда тұрады. Жұмыс бар. Осындай кәсіпорындар ауылға жақын орналасуы керек деп ойлайды. Өйткені елге жұмыс табылады. Жеті жылдан бері тек жартылай өңдеу ісімен айналысқан зауыт енді  дайын өнім шығаруға ден қоя бастады. Осыдан бір ай бұрын тігін цехын ашқан. Бұл жерде теріден жасалған қолғаптар тігіледі. Бұл қолғаптар отқа оңайлықпен жанбайды және су өткізбейді. Өнім еліміздің өндіріс саласында металлургия, құрылыс пен химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылмақ. Зауыт қазір тәулігіне 5 тонна боялған былғары өңдеп шығарады. Хромда иленген ылғалды, көгілдір, жұқа тері жартылай өңделген өнім. Былғары аспалы қондырғыда кептірілгеннен кейін Италия, Түркия Қытай мен Үндістан елдеріне экспортталады. Енді зауыт басшылығы дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр.  Былғарыдан аяқ-қиім өңдейтін және киім тігетін және болашақта жиһаз шығаратын цехтарды орналастыруды жоспарлап отыр. Келер жылы аяқ киім мен жиһаз бұйымдары шығарыла бастаса, тағы  100 адам жұмыспен қамтылатын болады.

        Павлодар облысындағы Екібастұздың «Проммашкомплект» зауыты шойын жолға қажетті бағыттама бұрмалар, теміржол көліктерінің дөңгелектерін жасайтын кәсіпорын жұмысын еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында бастаған. Қазір мұнда өнімнің 40-тан аса түрі шығарылады. Жаңа зауыт құрылысы аяқталған соң өндіріс қуаттылығы үш есеге артады. Мәселен, қазір 75 мың теміржол көліктерінің дөңгелек шығарылады. Оның саны келешекте 200 мыңға жетпек. Елу пайызы экспортқа бағытталады. Артур Хачатурян, кәсіпорынның бас директоры. Зауыт 2017 жылы іске қосылды. Алғашқы 80 мың дөңгелек экспортқа шығарылды. Ал 2018 жылы оның саны 200 мыңнан асады. Бұл жерде өнімнің түріне, үлгісіне үлкен мән береді. Кәсіпорынға несиелік желі бойынша 36 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл жобаның өзіндік құнының 70 пайыздан астамы. Дәл қазір жаңа өндірістік корпустың құрылысы қарқын алған. Жаңа станоктармен агрегаттар алынып жатыр. Зауыт мемлекеттің қолдауына ие болған. Шетелден жұмыс күшін тартуға және импорттың ережесін жеңілдетуге мүмкіндіктер берілді. Қазір кәсіпорында 500 адам еңбек етеді. Жаңа кешеннің құрылуымен тағы 400 адам тұрақты жұмысқа алынбақ. Қазірдің өзінде бағыттама бұрмалар шығаратын «Проммашкомплект» ЖШС ТМД елдерінде көшбасшы өндіріске айналған. Отандық өнім теміржол саласына қажетті бөлшектермен толық қамтамасыз етіп, артығын шетелдерге сата бастады. Жақын уақытта экспортқа шығып, Әзербайжан еліне бағыттауыш бұрмалар тасуды бастаған. Өзіміздің Қазақстандағы кішігірім тау-кен өнімін өндіретін сол кәсіпорындарға тапсырыстар орындап жатыр. Теміржол көлігіне арналған дөңгелектер ТМД елдерінде баламасы жоқ заманауи технологиямен жасалады. Диаметрі 800-ден 1250 миллиметр болатын дөңгелектерге шығарады. Жалпы индустриаландырудың екінші бес жылдығында тағы бірнеше ірі кәсіпорындар іске қосылмақ. Қазір олардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

         Арман Тосқанбаев: «Елдің дамуы – жас кәсіпкерлердің қолында».  «Отан» атты Қазақстандық сағат брендімен танымал болған жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өзінің тың ойлары мен жаңа идеяларын жүзеге асыруда. Арман бүгінде бірнеше жобаларды қатар алып жүр. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біріншісі – «Жаңа жасыл технология» ЖК. Бұл компания мал азығын өсіру үшін гидропоникалық құрылғылар шығарады. Құрылғының ерекшелігі гидропондық әдіс арқылы көп сатылы сөрелерде жыл бойы жемдік шөп өсіруге мүмкіндік бар. Шөптің құрамында дәрумендер, құнарлы заттар сақталады. Осылайша жауын-шашын аз түсіп, қуаңшылықтың кесірінен жем-шөпсіз қалып, мал басын көбейте алмай отыратын шаруалардың мәселесі шешіледі. Екіншісі – «Zertis» ЖШС. Бұл компанияны жарты жыл бұрын Диас Тастанбеков есімді әріптесімен бірге ашты. Мұнда су мен ауаны қоса отырып өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісі пайдаланылады. Бұл әдіс тамақ өнеркәсібіне пайдалы. 30 аэропоникалық құрылғы күніне 30 кг жуық жасыл өсімдік әкеледі. Технология патенттелген, елімізде жоқ ерекше технология.

Бүгінде бұл жоба Қарағанды облысында жүзеге асып жатыр, еліміздің өзге қалаларына шығу жоспарда, ең алдымен, Қарағанды облысындағы жылыжайдың біз көздеп отырған тиімділігіне кол жеткізу керек. Кейін еліміздің әр қаласына автономды жылыжай салу ойда бар. Кәсіптің қарқынына қарай, ТМД елдеріне шығу мәселесін де естен шығармайды. Себебі, технология толық автоматтандырылған, әлем бойынша Жапония мен Израиль елдерінде кеңінен қолданылып келеді. Өнім шығаруда гербицидтер қолданылмайды, сондықтан сапасы жағынан экологиялық таза өнім. Сонымен қоса, өсімдікті тұманды сумен суару процесі арқылы суды үнемдеу мүмкіндігі бар. Бұл өз алдына су тапшы аймақтарға қолайлы әдіс. Келесі сауалым уақытты басқаратын гаджетке байланысты. Жүзеге асыруға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері атсалысты. Бір ай көлемінде жасап шығарды. Мобильді қосымшасын, программасын, қажетті ақпаратты жинақтап, дайындап аз уақыт ішінде сапалы өнім шығара білді. Бұл жоба Microsoft Imagine стартап-байқауында үздік танылып, біздің ұжым Украина астанасы Киев қаласында халықаралық деңгейде бағдарламаны таныстыру мүмкіндігін ұтып алды.
«Отан» Қазақстандық сағат компаниясы нәзік жандыларға арналған сағаттар тізбегін шығарған. Қыз-келіншектерге арналған сағат болғаннан кейін оған қойылатын талаптар да өзгеше болады. Жалпы жұмысына 2 жыл уақыт жұмсалды. Дизайны мен әрлеуіне ерекше назар аударылған. Бұл жоғары сапалы сағаттар, сағаттың тілдері ою-өрнекпен безендірілген. Сағаттың артқы жағында қазақтың сұлу қызы бейнеленген, және «Қазақ аруы» деп жазылып тұрады. Төрт түсте шығады, аттары – Зере, Дария, Ажар, Айсұлу. Біраз еңбек пен ізденістің арқасында жарық көрген туынды арулардың көңілінен шығады деген үмітте. Бұл атаулар ұлттық, қазақы төл есімдер. Тарихта осы есімдерді иеленген сыйлы, данагөй аналарымыз бен сұлуларымыз қаншама. Әрбір атауды сағат түріне таңдап ала отырып, белгілі бір сипаттамасын да дайындаған. Атап айтқанда, Зере – ол жарқыраған алтынды білдірсе, Дария – кеңдіктің белгісі. Ажар – сұлулық, Айсұлу – қазақтың күмісі. Барлығы да тазалықтың, бекзаттықтың, өреліктің белгісіндей [5].
Материалдарды Қарағанды облысында жинайды, бөлшектерді Қытай мен Ресей мемлекеттерінен сатып алып Қазақстанда құрастырып жинайды. Алда жоспар толық циклды сағат құрастырып жинау.

Демек, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту арқылы индустриялық-инновациялық даму, жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың әл-ауқатын арттыру, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету сияқты өзге де бірқатар маңызды мәселелер шешімін табатын болады. Бұл кәсіпкерліктің экономикадағы рөлінің жоғары екендігін, оны ұйымдастыру, дамыту мен қолдауға баса назар аудару қажеттігін көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Б.Исабек «Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жолдары».

2. www.damu.kz «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ресми сайты.

3. ҚР Президентінің 2017жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы.

4. http://atameken.kz/  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайты.

5. http://shop.otanwatches.kz, www.otanwatches.kz, «OTAN WATCHES» ОТАН Компаниясының ресми сайты.